Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайдаланылмай бос жатқан немесе жекеменшікке заңсыз берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырма бергеніне де міне, бір жылдың жүзі болды. Осы аралықта облыста қандай жұмыстар атқарылды, Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарудың тәсілдерін әлі де жетілдіру керектігі туындап отыр. Алдағы уақытта қайтарылған жерді есепке алып, электронды жүйеге енгізудің маңыздылығы артып отыр. 2022 жылы Түркістан облысында 1034,8 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған. Оның ішінде мақсатсыз пайдаланылған 412,2 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылса, 622,6 мың гектарды қайтару ірі жер пайдаланушылармен меморандум жасау арқылы жүзеге асқан. Биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы 330 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарлануда. – Бұл мәселе біздің өңірде өте өзекті. Әлеуметтік араздықтардың тудыруына себеп болып келеді. Мысалы, кейбір елді мекендерде бір отбасы 20 уақ мал ұстаса, кей отбасының 150 малы болуы мүмкін. Ал жайылым тең бөлінбейді, тең қаралмайды. Тұрғындар тарапынан түсінбеушілік туындайды. Себебі мал басына қатысты шектеу жоқ. Ауылішілік мал көлемін ұстаудың шекті бөлігін енгізіп, қалғанын жайылымға жіберуді ретке келтіру қажет. Осылай реттелмесе ауылдағы жайылым жер жетпейді. Осындай ұсыныстарды бірге қарастырсақ, – деді облыс әкімінің орынбасары Б.Тәжібаев. Маңызды ұсыныс ауыл тұрғындарын ортақ жайылыммен қамтамасыз ету шарасының келесі кезеңінде қаралмақ. Былтыр заңсыз табысталып, пайдаланбай жатқан жер учаскелерін мәжбүрлеп мемлекетке қайтару үшін сотқа 96 талап-арыз жолданған. Оның 45-і оң шешімін тауып, 4751,6 гектар жер мемлекетке меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп 521,7 мың гектар жайылым және егістік үшін шаруаларға үлестірілді. Жалпы облыста жайылым жердің жалпы аумағы 8 млн. 860,4 мың гектарды құрайды. Облыс прокуратурасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мақсатында «Салауатты болашақ» жобасын іске асырмақ. Аталған жобаның мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқығын қорғауға, кәмелетке толмағандарға қарсы және олармен жасалатын қылмыстарды, тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алуға, дер кезінде анықтап тиісті шара көру бағытында мүдделі органдардың бірлескен жұмысын күшейту. Жоба аясында ақпараттық жүйе әзірленетін болады, ол жерде облыс көлеміндегі кәмелетке толмағандар туралы мәліметтер бойынша құқық қорғау және тиісті мемлекеттік органдардың базалары интеграцияланатын болады. Болашақта аталған ақпараттық жүйе зорлық-зомбылық және кәмелетке толмағандардың құқықтары бұзылған жағдайда оларды заң аясында жедел шешуге мүмкіндік береді және заңсыздықтың одан әрі дамуына шектеу қояды.