Жылыжай шаруашылығы өте табысты сала екені белгілі. Сондықтан бүгінде осы кәсіпті жанына нәсіп еткендер қатары артып келеді. Саурандық шаруа Мұрат Сұлтанбаевтың жылыжай шаруашылығымен айналысып келе жатқанына он жылдан астам уақыт болған. Әу баста қалай болар екен деп, қорқасоқтай екі соттық жерден ғана бастау алған жылыжай көлемі бүгінде 0,5 га ұлғайған. Соның арқасында бүгінде жылыжай шаруашылығын дөңгелетіп отыр. 7,5 соттық жерден он күннің ішінде 600 келі қияр жиналған. Шаруа бұл межені 50 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Қиярдан басқа жылыжайға тәтті болгар бұрышы мен қырықабат егілген. Жылыжай қожайыны Мұрат Сұлтанбаевтың айтуынша былтыр 15 соттық жылыжайдан 12 тонна болгар бұрышы жиналған. Биыл бұл өнім есе есеге артады деп күтілуде. Аталған үш өнімге де сұраныс өте жоғары. Көкөністерді «аяғын жерге тигізбей» алып кетеді. Сапалы тұқымнан зиян шекпейтінін білетін шаруа қиярдың «Фламинго» деген ең жоғарғы сортын еккен. Шығымы жаман емес. Қиярдың бұл түріне сұраныс жоғары. Өнімді базардағы сатушылар көтерме бағамен өздері алып кетеді. Сатылым жақсы болғаннан кейін көтерме бағада алатындар да, жекелей алатындар да көптеп сатып алып кетеді. Бір айдың жобасында болгар бұрышы да өнім береді. Қазір гүлдеп жатыр. Аталған көкөніске де сұраныс өте жоғары. Жылыжай ерекше күтімді қажет ететіні белгілі. Бабын тауып, баптасаң көл көсір табысқа кенелесің. Бүгінде жылыжайда он адам жұмыспен қамтылған. Маусым кезінде жылыжайда елу адамға дейін жұмыс істейді. Кейде сатып алушылар көбейгенде бұдан да көп жұмысшылар тартуға тура келеді. Бұдан бөлек, жаз мезгілінде сатылымы көбейетін қарбыз да еккен. Жыл сайын қарбыздың сатылым ыжақсы болады. Биыл да көп түсім де табыс та мол болады деген үміт бар. Жылыжай бабын тауып, ептегендердің табысы мол. Құнарлы топыраққа егілген өнім қолы майлы шаруаның еңбегін еселеп беріп жатыр. Әрине жылыжай кешендерінің молайғаны дұрыс. Бәсекелестікке жол ашады. Сонда ғана халыққа сапалы өнім қолжетімді болмақ. Көкөніс өндірудің әлеуеті зор бола тұра, импорттық өнімдерге тәуелдіміз. Диқаншы Мұраттың айтуынша 2 соттық жылыжайды салып, оны баптау үшін қыруар қаржы мен шыдамдылық керек. Шаруасы оңға басқан диқаншының бар айтары еңбек етсең ғана игілігін көресің. Еңбектің қашанда наны тәтті. Сауран ауданы бойынша биылғы жылы 32 га жерге жылыжай егу межеленген. Бүгінгі таңда 27,2 га жердегі жылыжайға 19,9 га-қияр, 8,1 га-қызанақ, 1 га-болгар бұрышы, 1 га- лимон егілген.