Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев мәлім етті. Сыры терең Сауран – өз заманында Түркістанмен қатар дамыған көне шаһар. 2021 жылы наурызда Мемлекет басшысының жарлығымен Сауран ауданы құрылып, тарихи мекеннің даңқы қайта жаңғырып, қайтадан Түркістанмен қатар дами бастады. Бұл — ауданның, облыстың туризм саласы үшін аса маңызды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан Сауран ауданының әлеуеті өте жоғары. Ауданның ұйымшыл, еңбекқор халқы негізінен кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына ден қойған. Бүгінде жаңарған ауданда жаңа әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп жатыр. Ғалымжан Қарабайұлының айтуынша, Сауран ауданына биыл І тоқсанда 6 млрд 428,9 млн теңге инвестиция тартылды. Осы жылы жалпы құны 13 млрд 129 млн теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске асырылып, 329 жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделіп отыр. – Оның ішінде ірі инвестициялық жобаларды атап өтсем, Оранғай елдімекенінде «Балмұздақ» ЖШС-ның балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға қойма салу және «Ныш Ер» ЖШС-ның демалыс аймағы және қонақүй салу жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Ал Шаға ауылдық округінен «Яссы Agro.kz» ЖШС-ның жаңбырлатып суару арқылы картоп, сәбіз өсіру жобасын жүзеге асыру қолға алынады. Үшқайық ауыл округінен «Иманқұл ата» Ш/Қ-ның балық шаруашылығын дамыту мен Шорнақ елдімекенінен «Sauran Plast» ЖК-ның қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кешені жобасы, сондай-ақ, Ескі Иқан елдімекенінен «AgroFoodTrade» ЖШС-ның мақта майын өндіру цехы жобасы іске асыру жоспарланып отыр, — деді Ғалымжан Қарабайұлы. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Сауран ауданында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерліктің саны — 6 010. Брифинг барысында аудан әкімі биыл Аша елдімекенінде ауызсу жүйесі құрылысының 2-ші кезеңі аяқталып, іске қосылатынын, сондай-ақ, 3 шалғай орналасқан елдімекенде кешенді блок модуль орнату қарастырылғанын айтты. – Өткен жылы Жүйнек, Шыпан, Қызылжол, Достық елдімекендеріне су мұнарасы орнатылып, Бостандық, Еңбекші Дихан, Шоқтас елдімекендерінің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал аудандағы 35 елдімекен орталықтандырылған электр қуатымен қамтамасыз етілген. 1 елдімекен күн сәулесі батареяларынан қуат алады. Аудан халқының өсуіне байланысты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін, өткен жылы 13 трансформатор орнатылды. Биыл 37 дана орнатылады. Сонымен қатар, елдімекендердегі жаңадан қоныстанған аумақтарға электр желілерін жүргізу бойынша жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Ал 11 елдімекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күнге нақты 6 елдімекен табиғи газды пайдаланып отыр. Биыл Ескі Иқан, Ибата, Ойық, Бершінтөбе, Шоқтас елдімекендеріне табиғи газ қосылады, — деді аудан әкімі. Одан бөлек, облыстық бюджет есебінен 7,5 шақырымды құрайтын 1 аудандық маңызы бар автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Ауыл — ел бесігі» жобасы шеңберінде өткен жылы 15 шақырымды құрайтын 18 көшеге орташа жөндеу жұмыстары, сондай-ақ, жарықтандыру жүргізілді. Биыл бағдарлама аясында 11,2 шақырым, ал жергілікті бюджет есебінен 12,3 шақырым жол жөндеуден өтеді. Айта кетейік, аудан орталығы Шорнақ елдімекеніндегі әкімшілік іскерлік орталығында 5 ғимараттың және инженерлік коммуникациялық желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Мұнда аудан әкімі аппараты ғимараты, аумақтық қазыналық мекемесі, прокуратура, сот, аудандық мемлекеттік мекемелердің ғимараттары және мәдениет үйі бой көтереді. Жаңа ғимараттарға республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Жергілікті бюджет есебінен 3 мектептің құрылысы басталды. Бабайқорған елдімекенінде Спорт зал бой көтеріп келеді. 2023 жылы ны-санды тапсыру жоспарланған. Сондай-ақ, аудандық бюджет есебінен Шорнақ, Иассы, Үшқайық, Шаға ауыл округтерінде ветеринарлық бекет-тің құрылысына, Үшқайық және Жаңа Иқан ауыл округтерінен Спорт зал құрылысына, Жібек жолы ауыл округі әкімшілігі ғимаратының құры-лысына жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп отыр.