Су – барлық ресурстардың ішіндегі ең маңыздысы, адамзат тіршілігінің кепілі екендігі бедгілі. Әр елдің, әр өңірдің ерекшелігіне қарай климаттық өзгерістер байқалуда. Сондықтан, ауыл шаруашылығы саласында үнемдеу, тиімді пайдалану технологиялары аса маңызға ие болып отыр. Су ресурстарын дамыту мәселесінде Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Агрокешендері мықтап дамыған, жылыжайлары, бау бақшалы ауданда су мәселесі ең маңызды мәселе болары анық. Ауданда жеміс-жидек өсіретін, бау бақша шаруашылығын өрістетіп отырған шаруашылықтар жетерлік. Дәл қазіргі уақытта ауданда жеміс-жидек және жүзімнің көлемі 2000 гектардан асып жығылады. Табысты сала екендігін бағамдаған былайғы жұрт осыған бет бұрып, бүгінде дәл осы іспен айналысатындардың қатары артып келеді. Сапалы сұрып пен жаңа технологиялардың көрсетер көмегі көп екендігін байқаған шаруалар осыған бет бұрып отыр. Жеміс-жидек бауларын тамшылатып суғару әдісін қолданып келе жатқанына да біраз жылдың жүзі болды. Бүгінде аталмыш технология өзіндік тиімділігін әлдеқашан ақ дәлелдеп қойған. Сондықтан да әлемдік бренд өндірушілер дәл осы сұранысты қанағаттандырып отыр. Заманға сай жетілдірілген түрлерін күнгейлік шаруалар да қолдануда. Тамшылатып суғару қондырғыларын қолдану да аса қиын емес дейді шаруалар. Қайта өте тиімді екенін сөз етеді. Соңғы кездері ағын судың тапшылығын шешу мәселесі туындап отырғаны жасырын емес. Әсіресе еккен өнімді суғаратын кезде дәл осы мәселе шаруаларды діңкелетеді. Өте тиімді технология ағын суды үнемдеуге септеседі. Қазығұрт ауданындағы Қызылқия ауыл округіндегі «Қараша-Агро» ЖШС-і 6 бірлік италиялық жаңбырлатып суғару қондырғыларын алып келіп іске қосқан болатын. Соның арқасында бір алқаптан бес ретке дейін жоңышқа орып алуда. Одан бөлек, табиғи шөптерді де орып алуға мүмкіндік беріп отыр. Осындай заманауи тамшылатып, жаңбырлатып суғару техногиялардың арқасында шаруалар мол өнімге қол жеткізіп отыр.