Бүгінде агрокешендерді дамыту мәселесі басты назарда тұр. Ауыл шаруашылығында оның ішінде мал шаруашылығы бойынша Түркістан облысында ілгерілеушілік бар. Облыстан шалғай шетте жатқан Жетісай ауданында бүгінде агрокешендерді дамытуға көптеп көңіл бөлінуде. Жетісай ауданында негізгі табысы аргокешендерге тікелей байланысты ауданның егістік жерінің басым бөлігіне мақта дақылы егілетіндіктен шаруалардың табысын арттыру үшін ауданда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Бұл бойынша ауданға жан-жақты инвесторлар тарту мақсатында көршілес Өзбекстан Республикасында мақта кластерін дамыту үшін инвесторлармен іскерлік кездесулер өткізіліп, екіжақты келіссөздер жүргізудің алғышарттары жасалуда. Ауданға инвестиция тарту жұмыстарын жүйелі, қарқынды жүргізу мақсатында Жетісай ауданында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтар болсақ, ағымдағы жылдың соңына дейін азаматтардың жеке қаражаттары есебінен Ж.Ералиев ауылдық округінен құны 300 млн теңгеге 10 мың тонналық «Тұран Мақта» ЖШС «Мақта шикізатын өңдеу зауыты» жобасын, Жетісай қаласынан құны 150 млн теңге болатын «Тоқыма емес мата өндірісі» жобасын, Мақталы ауылдық округінен құны 175 млн теңге болатын «Мақталы Жер» ЖШС «Тұқымдық шит өндірісі зауыты» жобасын іске қосу жоспарлануда. Ал, Жетісай қаласының аумағын ұлғайтуға бөлінген 80 га жерге алдағы уақытта бірқатар жобаларды – ойын-сауық орталықтары мен заманауи сауда орындарын, қонақ үйлер мен спорт кешендерін, кинотеатрлар мен мейрамханалар, балалардың ойын алаңшаларын, азық-түлік көтерме сауда орталықтарын салуға инвесторлар іздестірілуде. Ашылатын жаңа нысандардың есебінен аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, сауда, ойын-сауық орталықтарына Жетісай ауданымен қатар көршілес Мақтаарал, Шардара, Келес аудандарынан 1 миллионға тарта тұрғындар мен келушілер есебінен ауданның экономикалық ахуалын жақсарту жоспарланып отыр. «Біздің ауданға инвестиция салуға ниетті кез-келген кәсіпкерге аудан әкімдігі тарапынан барынша қолдау көрсетуге, жан-жақты сүйемелдеуге, кәсіпорын салушы азаматтарды қажетті инфрақұрылымдармен толықтай қамтамасыз етуге ниеттіміз» дейді Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов. Мәлімет үшін айта кетейік, өткен жылы ауданда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 15053,9 млн теңгеге жеткен. Оның 8771,6 млн теңгесі бюджет есебінен болса, 6133,3 млн теңгесі жеке қаражат есебінен тартылған.