Күні кеше ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Ордабасы ауданы, Бадам елді мекеніндегі «Бөрте милка» серіктестігінде болды. Сапар аясында Үкімет басшысының орынбасары аудандағы “Ауыл Аманаты” жобасына қатысушы ауыл округтерінің АӨК мүшелерімен кездесу өткізді. Ауыл халқының әл-ауқатын арттыру бойынша Үкіметтен қабылданған бағдарламалармен таныстырған Алтай Сейдірұлы тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданындағы кооператив өкілдері «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға көптеп ниет білдіріп отыр. Республикада мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін 100 млрд теңге қарастырылған. Түркістан облысында 19,8 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Өңірге 11 млрд. теңге бөлінді. Бадам және Шұбар ауылдық округтерінде «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға ауыл тұрғындарын біріктірген жеті кооператив жиналады. Олардың төртеуі (жалпы саны 165 қатысушы) – отбасылық сүт фермалары, бордақылау алаңы, құс фабрикасы және жылыжай шаруашылығы. Агрокешендерді дамыту оның ішінде мал шаруашылығын ілгерілетуде аталған бағдарламаның берері көп. Облыс әкімдігі ӘКК-мен бірлесіп, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылдарға жеңілдікпен шағын несие беру жөнінде өтінімдер қабылдауды қысқа мерзімде бастауы және бұл туралы ақпаратты барлық ресурстарға орналастыруы қажет. Екінші кездесу Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы Шарапхана ауылында орналасқан орта мектепте өтті. Тұрғындар тарапынан бірқатар ұсыныстар түсіп, сұрақтарын да қойды. Шешілуі тиіс көптеген мәселелер бар. Қазіргі уақытта республикада азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға арналған мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатыр, мектептер, денсаулық сақтау объектілері салынуда. Мұның бәрі бірқатар қиындықты шешеді. Олардың қатарында мектеп, кадр тапшылығы, жұмыспен қамту секілді мәселелер бар. Ауыл азаматтары «Ауыл аманаты» жобасынан үлкен үміт күтіп отыр. Мемлекет тарапынан қолға алынған жобалардың табысты жүзеге асуына ауылдықтар құлшынып отыр.