Үкімет алдында алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу мәселесі тұр. Басты мақсат – ауыл шаруашылығы субьектілерін, бизнес өкілдерін қолдай отырып, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Осыған орай Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында және Түркістан өңірінде ерте пісетін көкөністерді өзге облыстар мен қалаларға жөнелтуге форвардтық келісімшарт жасақтау мәселесі шешімін тауып отыр. Түркістан облысының ауыл шаруашылығын дамытуда еліміздегі ең қолайлы өңір екендігі белгілі. Облыста көкөністер басқа өңірлерге қарағанда 1,5-2 ай бұрын жиналады. Жылдық тұтыну нормасына сәйкес облыс халқы картоп, сәбізбен 1,5 есе, пиязбен 4,4 есе, және қырыққабатпен 6,6 есе қамтамасыз етіледі. Яғни, Түркістан облысы диқандарының республика халқын әлеуметтік маңызы бар ерте мезгілдік картоп, пияз, сәбіз өнімдерімен қамтуға толық мүмкіндігі бар. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында биыл Түркістан өңірінде ерте пісетін картопты 9,02 мың гектарға, пиязды 2,0 мың гектарға, сәбізді 1,24 мың гектарға және қырыққабатты 7,54 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Нәтижесінде 186,3 мың тонна картоп, 55,5 мың тонна пияз, 30,4 мың тонна сәбіз және 187,2 мың тонна қырыққабат алу көзделуде. Ағымдағы жылдың басында Түркістан облысы әкімдігі мен облыс және облыстық маңызы бар қала әкімдіктері арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған болатын. Осы бойынша алдағы уақытта облыс еңбеккерлерінің өнімдері еліміздің түкпір түкпіріне жеткізіледі. Еккен өнім қоймада жатып қалмай, тұтынушыларына дер кезінде жеткізіледі. Ұтымдылығы да осы болып отыр.