Түркістан облысына қарасты Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев дербес бөлім басшыларымен бірге микроавтобустарға мініп ауданға қарасты елді мекендерді аралады. Шалғайда шағын орналасқан ауылдардың мәселелерін көзбен көріп, шешу жолын жергілікті тұрғындардың қатысуымен талқылады. Аудан әкімі бастаған бөлім басшылары алдымен Біртілек ауылдық округінің орталығында болып, ондағы қордаланған мәселелермен танысты Жергілікті әкімдіктің мамандарымен пікір алмасып, тұрғындармен қарым-қатынас, мәселерді шешу бағытындағы ойларын тыңдады. Жергілікті тұрғындардың тұрмысын жақсартуға арналған 10 жоба дайындап, ұсынуын тапсырды. — Мемлекеттік қызметшінің басты мақсаты — тұрғындарға сапалы қызмет жасау, сонымен қатар жергілікті халықтың тұрмысын жақсарту бойынша өз ұсыныстарын жасақтау болып табылады. Жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында нақты жобаларды әзірлеуде сіздердің бастамаларыңыз маңызды рөл атқарады. Күнім өтсе, айлығым жүрсе деген ойдан арылуымыз қажет. Президентіміз,облыс басшысы біз жергіліктіатқарушы органның өкілдеріне осы бағытта жұмыс жүргізуді тапсырып отыр. Нақты межеге бірлессек жетеміз. Сол кезде атқарған жұмыстарымыз нәтиже көрсетіп, көптің ықыласын аламыз,-деді Жәнібек Есенұлы. Тұрғындар сұранысы негізінде биыл Біртілек елді мекенінде 300 орындық жаңа мектептің құрылысы басталмақ. Аталған білім нысаны «Жайлы мектеп» бағдарламасы негізінде жүзеге аспақ. Сонымен қатар мәдениет нысанының құрылысы жүргізілуі жоспарлануда. Онда көптеген үйірмелер шоғырланып, ауыл оқушыларына қызмет көрсетпек. Аудан басшысы орталық елді мекеннің инфрақұрылым жүйелерін жаңарту, тозығы жеткен көшелерді орта жөндеуден өткізу, әлеуметтік нысандар орналасқан көшелерге түнгі жарық шамдары мен аяқ жолдар салу бойынша тиісті тапсырмаларды жүктеді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының тарапынан жер қатынастарын дамыту, жайылым жер мәселесін де көтерді. Басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысатындықтан бүгінде жайылым жер мәселесі өте маңызды болып тұр. Аудан әкімі аталған мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Аудан аумағын аралау сапары Алпамыс батыр, Ұшқын және Қошқарата ауылдық округтерінде жалғасып, елді мекендердің өзекті мәселелерімен танысты. Ауылдарды дамытудың жоспары түзіліп, тиісті шешімдер қабылданды.