Түркістан облысына қарасты Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан аумағындағы қордаланған мәселелерді шешу мақсатында елді мекендерге баруда. Аудан басшысы аудан әкімінің орынбасарлары және дербес бөлім басшыларымен бірге Ошақты ауылдық округінің елді мекендерін аралады. Алдымен Ошақты елді мекеніндегі №46 Абай атындағы жалпы орта мектепке қосымша 300 орындық оқу корпусы, асхана, спрот зал құрылысымен танысқан аудан әкімі жұмыстың барысын сынға алды. Құрылыс жұмыстарын ширатуға, құрылысты сапалы атқаруға тапсырма берді. Тиісті бөлім басшысына бақылауды күшейтуді айтты. Аудан әкімі Қоңыртөбе елді мекенінің тұсындағы каналдың жағдайымен танысып, өткір бұрышқа соқтығысып, жар пайда етіп жатқан аймақты реттеу бойынша қажетті шараларды атқаруға тапсырма берді. Сонымен қатар апатты жағдайдағы көпірлердің жайын көріп, шұғыл шара қабылдап, мәселені шешуді айтты. Су ресурстарын дамыту әрдайым назарда болатынын еске саллы. Егін шаруашылығымен айналысатын шаруалардың жайы бірінші орында тұрғандығын айтып, ағын судан тарықтырмау жағын да пысықтады. Үйіне баратын жолға тас төсеп беруін сұраған тұрғынның мәселесін көріп, жоспарлы жұмыстардың қатарына қосты. Сондай-ақ ағын су мәселесінде уақыт күттірмейтін мәселелерді шешу бағытында тапсырмалар жүктеді. Бақышсай, Атақоныс және Жиделі елді мекендерінде болған аудан әкімі ауылдардың өзекті мәселелеріне зерделеу жүргізді. Көгалдандыру бағытында атқарылған жұмыстарды қатаң сынап, жергілікті климатқа ыңғайлы көшеттерді отырғызуды тапсырды. Жалпы Ошақты ауылдық округіндегі күрделі мәселелерді басына барып көрген аудан басшысы арнайы кесте бекітіп, орындалуын бақылауына алатынын жеткізді.