Күні кеше Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитеті көкөніс шаруашылығының және суармалы егіншіліктің өзекті мәселелерін талқылау үшін қасиетті Түркістан топырағында алғашқы көшпелі отырысын өткізді. Аталған жиында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін, оның ішінде халықты жергілікті көкөніс және жеміс-жидек өнімдерімен қамтамасыз ету, көкөніс бағасын қолжетімді ету, маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдері бағасының шарықтауын болғызбау, суармалы егіншіліктің қазіргі жай-күйі мен өзекті мәселелеріне арналды. Ал, ең бастысы, көкөніс шаруашылығының өнімдерін өндіруден тұтынуға дейінгі толыққанды циклін қалыптастырудың, жіктеп айтқанда – өндіру, сақтау, өткізу мен өңдеудің оңтайлы жолдарып қарап, нақты шешу жолдарын ұсыну. Көшпелі отырысты Түркістан облысында өткізуге бірнеше фактор негіз болды. Біріншіден, Түркістан облысы республика бойынша жүзімнің – 76 %-ын, бақша өнімдерінің – 64 %-ын, жеміс-жидектің – 40%-ын және көкөністің 25 %-ын өндіреді. Екіншіден, республикадағы суармалы жерлердің 25 %-ы облысқа тиеселі (548,2 мың гектар). Сонымен қатар, республика халқының 2 миллионнан астам адамы осы өңірде тұрады. Енді, бүгінгі жиынның негізгі мақсаты – заң шығарушы, атқарушы билік өкілдері, сала мамандары мен шаруалар бірлесе отырып, осы проблемалардың шешу жолдары мен әдістерін талқылау. Ауқымы кең жиынға Мәжіліс депутаттары Мәмбетов Еркебұлан Нұрмағамбетұлы, Дайрабаев Жигули Молдақалықұлы, Қожаназаров Айдарбек Асанұлы, Сұңқар Ислам Еркінұлы, Нажметдинұлы Болатбек, Елеуов Ғалымжан Алмасбекұлы, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Тамабек Әбілхайыр Ғалымұлы, Ұлттық экономика министрлігінен — Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары – Қосымбаев Тимур Ернатұлы, Сауда және интеграция министрлігінен – Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Әбілдабеков Айдар Ахметбекұлы, Экология және табиғи ресурстар министрлігінен – Су ресурстары комитетінің Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану және дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Хансейтов Сағдат Батырбекұлы, Ақтөбе облысының әкімдігінен – әкімнің орынбасары Абдуллин Мавр Ерғалиұлы және жергілікті шаруа қожалықтарының және салалық қауымдастықтың өкілдері қатысты. Алғашқы сөз Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлына берілді. Әкім орынбасары облыстағы ауыл шаруашылығы саласының жай күйін егжей тегжейлі баяндады. Одан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдеріне, депутаттарға сөз берілді. Бұдан бөдек, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Үсенбекұлы Оспанов баяндама жасады. Жылыжай жұмыскерлері және бағбаншылар қауымдастығының президенті Мырзахмет Сыпабекұлы Сынабаев сөйледі. Бүгінгі тақырып бойынша жан-жақты және барынша өзекті талқылау болды. Барлық сөз сөйлеушілердің көкөніс өнімдерін өндіру, сақтау мен өңдеу жолдарын жақсарту мен жетілдіру бойынша айтқан ұсыныстарына талдау жасалып, олар алдағы уақытта өтетін үлкен жиынның күн тәртібінің негізіне алынады. Осы отырыстың негізінде 22 мамырда Астанада Үкімет сағаты өтеді. Онда Ауыл шаруашылығы министрі Е.Ш.Қарашөкеев мырза баяндама жасайтын болады. Оған мүдделі мемлекеттік органдардың, мемлекеттік емес ұйымдар мен салалық қауымдастықтың өкілдері қатысады. Бүгінгі отырыста айтылған барлық ой-пікірлер Үкімет сағатының ұсыныстарына енгізілетін болады.