Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов жауапты мамандармен бірге ауданымыздың батыс қақпасында орналасқан Келтемашат ауылдық округінде жұмыс сапармен болып, аймақта бой көтеріп жатқан нысандардың сапасын бақылады. Бірінші кезекте округ орталығы Кершетас ауылында бой көтеріп жатқан 100 орындық клубқа ат басын бұрып, нысанның бүгінгі жай-күйімен танысты. Қазіргі таңда 90 пайыз жұмысы аяқталған мәдени нысанның құрылысына жауапты мердігерге ауласын абаттандырып, көгалдандыру, қоршауының алдын ауыстып ретке келтіру бойынша біршама тапсырмалар жүктеп, аталған жұмыстарды ауыл әкімі мен жауапты бөлім басшысына бақылауда ұстауды тапсырды. Бұдан бөлек, Келтемашат ауылындағы соғылып жатқан заманауи медициналық тіректе болып, құрылыс жұмыстарын бақылады. Айта кетейік, қос нысан биылғы жылдың маусым-шілде айларына дейін толық пайдалануға беріледі деп күтілуде. Содан соң Нұржан Жақсылықұлы округ тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-өтініштерін тыңдады. Бүгінде ағын су мәселесі өзекті болып отыр. Көкөніс, жеміс-жидек өсіруде алдыңғы қатардан көрініп жүрген аудан үшін ағын су алдыңғы қатардағы мәселе. Тұрғындар өз тараптарынан ұялы интернет байланысын жақсарту, ағын су, жер кезегінде тұрған азаматтардың өтінішін қанағаттандыру, жол бойына аялдама соғып, жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында жол кедергілерін орнату бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Аудан әкімі сол жерде әр ұсынысты тиісті мамандармен жеке-жеке талдап, тұрғындардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында тиісті ұсыныстар дайындап кіргізуді тапсырды. Сонымен қатар, аудан басшысы ауыл әкіміне округ аумағындағы күре жолдар бойын көгалдандыру, тазалап, қоршауларды ретке келтіру бойынша біршама тапсырмалар жүктеп, ауыл ақсақалдарына аталған бағыттағы жұмысқа ауыл тұрғындарын тартуға ат салысып, ортақ үйіміздің тазалығына қолдау көрсетуін сұранды.