Оңтүстік мақтасымен де мақтанады. Еліміздің өзге өңірлерінде өспейтін талшықты жыл сайын тонналап теріп, шаруалар жоғары көрсеткішке жетіп келеді. Жуырда түркістандық шаруалар жоғары сапалы мақта сұрыбын шығарып, сүйінші сұрады. Әрі оның атын «Түркістан» деп атапты. Алдағы уақытта шаруалар мақта түсімін арттыруды мақсат тұтып отыр. Әрине «Түркістанның» арқасында. Жуырда Түркістанда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Ақ керуен» мақта терімі шарасы кезінде жаңа сұрып жұртшылыққа таныстырылды. Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Қарашық ауылдық округіндегі «Тұран» шаруа қожалығында өткен жиында жаңа сортты мақтаның артықшылығы жан жақты таныстырылды. Биология ғылымдарының докторы A.Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ә.Әлиев сорттардың ерекшеліктеріне ерекше тоқталды. Жаңа мақта талшығының ұзындығы кәдімгі сұрыптағы мақтаға қарағанда әлдеқайда жоғары. Яғни, «Түркістан» мақтасының талшығы 4-үлгіге жатады. Мақтаның бұл түрі тоқыма өнеркәсібінде кеңінен пайдаланылады. Енді түркістандық кәсіпкерлер Оңтүстіктегі тоқыма кәсіпорындарын жергілікті шикізатпен қамтуға толық кепілдік бере алады. Енді шымкенттік кілем фабрикалары, жіп шығаратын кәсіпорындар шетелден шикізат іздеп сабылмайтын болады. Түркістандық мақташылар биыл 17 мың тонна шитті мақта жинаймыз деп жоспарлап отыр.