Теріскейде Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына тарту етерлік жетістіктер жетерлік. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде ауданның жалпы өңірлік өнімі 1,5 миллиардтан 214 миллиард теңгеге артқан. Әрине аз көрсеткіш емес. Ауыз су, жол мәселесі кезінде біраз қиындықтар туындатқаны рас, дегенмен бұл мәселелердің бүгінде күрмеуі кертіліп, түйіні тарқатылып келеді. Ауданның ең шалғай түкпіріндегі ауылдарға дейін таза ауыз сумен қамтылып, бүгінде игілігін көріп отыр. Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Созақ ауданында бүгінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 1995 жылы 708,1 миллион теңге болса, 2016 жылы 200,4 миллиард теңгеге жетіп отыр. Ауданда әсіресе тау кен өндірісі мықты дамыған. Қазіргі таңда аудан көлемінде құрылыстық, өндірістік және тау кен өндірісінде қызмет көрсету бағытындағы бірқатар ірі кәсіпорындар жұмыс атқаруда. Өндіріс орындарының қарқынды жұмыстарының арқасында өнеркәсіп өнім көлемі артып келеді. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасын жүзеге асыру үшін ауданда индустриялды аймағы құрылған. Бұл аудан өнеркәсібі тек ғана уран өндіруші кәсіпорындарына тәуелді болып қалмау мақсатында қолға алынып отыр. ИА жалпы құны 866,6 млн. теңгені құрайтын 4 жоба іска қосылса, алдағы уақытта жалпы құны 5 550 млн. теңгені құрайтын 1 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұдан бөлек ауданның Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 18 583 млн. тг. құрайтын 2 жобаны жүзеге аспақ. Аталған жобалар жүзеге асқан уақытта аудандағы жұмыссыздар қатары біршама азаяды деп күтілуде.