Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Б.Полатов Дарбаза ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Б.Полатов кездесу барысында алдымен наурыз айындағы кездесуде көтерілген мәселелер бойынша тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Жиын барысында тұрғындардың басым бөлігі таза ауыз сумен қамтамасыз ету, ортақ мал жайылымы, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, жолға асфальт төсеу, тозығы жеткен электр бағаналары мен желілерін ауыстыру, мал ұрлығы туралы өтініштері мен пікірлерін айтты. Кездесуден кейін, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Б.Полатов тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, талап-тілектерін тыңдап, заң аясында жауап берді. Сондай-ақ, Б.Полатов тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, алдағы уақытта заңға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Бұдан кейін Б.Полатов Тегісшіл ауылдық округі тұрғындарымен кездесуге барды. Алдымен наурыз айындағы кездесуде көтерілген мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтіп, тұрғындардың өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. — Атқарушы биліктің негізгі мақсаты – аудан тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, ауданның әлеуметтік экономикалық дамуын қамтамасыз ету,-деді Б.Полатов. Кездесу барысында ауыл тұрғындары таза ауыз сумен қамтамасыз ету, ортақ мал жайылымы, жолға шағал және асфальт төсеу, мектеп салу, тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру, қоғамдық тәртіп мәселелері талқыланды. Кездесуден кейін, Б.Полатов тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, талап-тілектерін тыңдады. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, хаттама толтырылып, алдағы уақытта заңға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.