Бағалы тастардың патшасы атанған – бриллианттың кез-келгеннің уысына түсе бермейтіні шындық. Қымбат бағалы болғандығымен қоса бриллианттың таптырмас капиталқалаушы қасиеті тағы бар. Бұл асыл тасқа дағдарысың да, инфляцияң да қорқынышты емес. Жыл жылжыған сайын қымббаттап барады. Әйтеуір арзандағанын көрген көз жоқ. Еліміз бриллиант индустриясымен мақтана алмайды. Тек шеттен келген бағалы тасты өз қазанында қайнатып қана отыр. Бүгінде бриллиант бизнесі қарқындап тұрғаны белгілі. Еліміз сол қызған көрікке көмір тастап қана отыр. Елімізге бәсі жоғары бағалы тастардың басым бөлігі Индиядан әкелінеді. Индонезиядағы Борнеода, Бразилияда зерттелген мол қоры бар. Оңтүстік Африка, Қытай және Ресей бағалы тасты экспорттаушы ең ірі үштікке кіреді. Бағалы тастардың бәсі мен бағасын De Beers компаниясы монополиялап алған. Осы компанияның бағалы тасты өндіру мен бағасын шығаруда басты бәсекелесі жоқ. Осыдан оншақты жыл бұрын Украина табиғи алмаздарды бриллиантқа айналдырып, өңдеуде әлемдік рыноктың 5-7 пайызын иеленетін. Бүгінде бриллиант бизнесі Индияға ауысты. Алмазды бриллиантқа айналдыруда Индия — 70 пайыз, Қытай 15 пайызын өңдейді. Үнді елінде дәл осы бизнесті өркендету үшін өкімет 15 миллиард доллар бөліп отыр. Смоленскілік «Кристалл» зауыты мемлекеттік дотацияда отыр. Үкімет зауытқа алмаз шикізатын береді, ал дайын өнімді алмаз қорына алады. Бұл зауыт 5 мыңанан астам зергерлік өнім шығарады. Мемлекеттік пробалық клеймосы бар. «Винница-Кристаллдың» өнімдері Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктеріне өткізіледі. 2004 жылы Храпунов Шығыс Қазақстан облысына әкім болып барғанда «шикізат өндірумен ғана айналыспай оны кәдеге жаратуымыз керек. Алтынды құйма күйінде сатпай зергерлік өндірісті дамыту қажет. Маған Якутиядан өкілдер келіп бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Жұмыс схемасы қарапайым: якут алмаздары, біздің алтын және біздің мамандар. Якут алмаздарын өзіміздің бриллиантқа айналдырсақ қанекей. Бұл фантастикаға ұқсайды. Бірақ неге сол арманды жүзеге асырмасқа? Ол біздің әлемдік деңгейдегі өніміміз болар еді» деп бөскен болатын. Храпуновпен бірге бұл арман да шетел асып кетті….
Бүгінде елімізде якутиялық бриллианттардың «бағы жанып» тұр. Ірі қалаларымызда «Якут бриллианттары» атты дүкен ашып тастаған. Алтынның өзін қара бақырдан әзер ажыратып жүрген қалың бұқара бриллианттың тазасы мен «самопалын» қайдан айырсын? Қара базардағы бағалы тасқа да күмән көп. Базардан сатып алған бриллиантыңызды ломбард алмайды. Демек, бұл дегеніңіз заңсыз бриллиант бизнесі өрістеп тұр деген сөз. Арнайы дүкендерде бағалы тастың сертификаты болғанымен оның таза, таза еместігін айырып беретін бағалаушы-зергеріңіз жоқ. Оның үстіне бүгінде мойны мен саусақтарын гауһарға толтырудан бөлек, тістеріне де бриллиант салдыру жанып тұрған сәнге айналуда. Әрине, оған қалтасы тоқ бай-бағланның ғана қолы жетері анық. Маржандай аппақ тіске иненің жасуындай жылтыраған бриллиант салдыру бизнесінің ең арзаны Қытайда болып тұр. Алты тіске 00,2 каратты бриллиант салдыру 3 мың АҚШ доллары тұрады. Ал, дамыған елдерде оның бағасы тіптен шарықтап кетеді. Әншейінде кеденнен өтерде басынан тобығына дейін тексеретіндер әзірге бриллиант тіске мән беруді ойламаса керек. Егер де дәл осы бриллиант тіске салық салынар болса қазына қоржынының толыға түсері сөзсіз. Алайда… Жуырда Камбоджадан сатып алған бриллиантты заңсыз алмақ болған костромалық әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалғандығы жөнінде еліміздегі БАҚ жарыса хабарлаған болатын. 40 жастағы костромалық әйел 6 дана бағалы тасты пошта арқылы алған. Бриллиант тасымалдаушыны ол интернет арқылы тапқан екен. Өзі заң саласының маманы бола тұра заңды белінен басқанын білмейтіндігін айтыпты. Осыған байланысты ол қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Әрине, қазынаға келтірген салық зиянын да қоса төлеген. Бізде де осылай заңсыз әрекеттерге барғандарға, бағалы тастың заңсыз айналымымен айналысқандарға жаза көрілсе әрине, мұндайға жол беруден бас тартатын еді. Оның ішінде әлгі бриллиант тіс салдырғыштарға да…
Дағдарыс жағадан алған жылдары «Қазкоммерцбанк» гауһармен безендірілген несие карточкасын айналымға салып, айды аспанға бірақ шығарып еді. ”Diamond” деп аталатын карточканың дәл ортасында 0,02 каратты гауһар тас орнатылған. Бұл туралы шетел басылымдары жарыса жазды. The Finansial Times басылымы бұл карточкадағы кредитті сома 50 000 – 20 000 АҚШ доллары арасында болатынын айтқан-тын. Тағы бір шетелдік басылым Newspostonline “Банк жақұты бар тек 1000 карточка шығарады. Оны ішінде 50 мың АҚШ долларына тең кредитті лимит болады” деп жар салған болатын. Бірақ, оның да бір минус жағы тасада қалып кетті. Арада аз уақыт өтпей-ақ Ресейдің бетке ұстар банктерінің бірі бриллиантты Visa-карта шығарды. Мұндай картаны ең алғашқы болып Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, үшінші болып Қазақстан, одан кейін Ресей шығарған болатын. Мұндай картаны кеден тексерулерінен өткізу қиын екенін карточка иелерінің бірі айтқан еді. Банк қызметкері Елена Дворовых расында заң талаптарында бриллиантты-пластикалы картаға арналған тармақ жоқ екенін мойындады. Бұл карта өз пайдалануына арналған бағалы тастар сияқты шекарада декларациялауға жатпайды екен. Әрине, мұндай картаға тек бай-бағландарға ғана лайық. Біздің заңнамаларымызға да осы картаға байланысты бір тармақ енгізілгенде… қатып кетер еді. Бір әттеген-айы, осы жақұт картадан да мемлекет қазанына тамшыдай болса да теңге таматындай қылғанда артық болмасы анық еді…
Эленора Бегманова, зергер:
— Бүгінде елімізге ағыл келіп жатқан бриллиант біткеннің бәрін таза деп айтуға болмайды. Негізі нағыз гауһар табиғи, қашалмаған болуы тиіс. Осыған қарап каратын анықтайды. Ал, зергерлік заттарға орнатылған бриллианттар қырналып, қашалады. Сондықтан да оның сапасы төмендейді. Заңсыз бриллиант саудасы қызып тұр бүгінде. Оған тосқауыл қою керектігі ешкімді ойландырмайтын сықылды.
Бриллиант-анықтама
Бриллиант рыногы әрдайым табысты әрі тұрақты болып саналады. Соңғы онжылдықта 70 миллионнан астам зергерлік зат 80 миллиард АҚШ долларына сатылған. Әр бриллианттың орташа бағасы 600 ден 900 доллардың аралығында. Ресей рыногында бриллианттан жасалған бұйымдар 50 ден 80 миллион долларға дейін сатылған. Батыста бриллиант саудасымен 200 ден аса жеке саудагерлер мен 150 мыңнан аса зергерлер айналысады.
Бриллиант-білгір
Француз тілінен аударғанда жарқырауық тас дегенді білдіреді. Бриллиант — махаббат пен тұрақтылықтың белгісі саналады. Иесіне тың күш береді. Жеңілмеудің белгісі. Жын шайтандардан сақтайтын, қара күштерді қуатын қасиетке ие. Білгірлердің айтуынша ең жақсы бриллиант Орлов аттысы. Онымен орыс патшаларының тәжін безендірген.
Түсі: түссіз, сұр, көгілдір, алқызыл, сары, қоңыры да қарасы да бар.
Қаттылығы: сынғыш, Моос шкаласы бойынша 10-ға тең.
Өңделуі: алмаздардың 20 пайызының зергерлік сапасы бар, одан бриллиант жасауға болады.
Күтімі: қатты болғанымен абайсыз соққылардан, ауа қысымының тез өзгеруінен, оттан сақтау керек.
Қасиеті: Ғажайып бағалы тас қана емес, емдік қасиеті де бар. Жастық кезеңді ұзартып, рухани күш береді. Есте сақтау қабілетін жақсартады. Жанның әрдайым тыныш болуына септігі мол. Бағалы тастың тез әсер етуі үшін аты жоқ саусаққа не болмаса мойынға тағу керек.