Елбасы Оңтүстікте екі кәсіпорынды іске қосты
Бүгін Мемлекет басшысының қатысумен өткен жалпы ұлттық телекөпір барысында «Назар-Текстиль» ЖШС-ның кілем бұйымдары фабрикасы мен «Химфарм» АҚ-ның өндірістік қуаттылығын арттыру жобасы іске қосылды. «Назар-Текстиль» ЖШС өңірдегі кілем және кілем бұйымдарын шығаратын екінші фабрика. Жоба құны 1,8 млрд.тг. Мұнда жылына 3 млн.шаршы метр дайын өнім шығарылады. Жаңа 100 жұмыс орны ашылып отыр. Фабрикада кілем тоқу және велюр бұйымдары өндірісіндегі көшбасшы бельгиялық «VAN DE WIELE» компаниясының заманауи жабдықтары орнатылған. Өңірімізде орналасқан «Бал Текстиль» және «Назар-Текстиль» кілем фабрикалары толық өндірістік қуаттылыққа шықса республика нарығын кілем өнімдерімен қамтитын болады. Сондай-ақ, оңтүстіктегі кілем фабрикалары жылына 3-4 млн. шаршы метр өнімді экспортқа шығармақ. Жалпыұлттық телекөпір барысында «Назар Текстиль» ЖШС-нің директоры Аятолла Айымбетов «Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 2 млрд. теңгеге жуық инвестиция салып, жаңа кілем фабрикасының құрылысын аяқтадым. Кәсіпорын Бельгия технологиясымен жабдықталған. «Назар текстиль» — бұл облыста екінші кілем фабрикасы және экономикалық аймақта іске қосылған сегізінші жоба. Шетелдік инвесторлардың да қатысуымен құны 500 млн. доллардан астам 6 жаңа жобаның құрылысы жүргізілуде. Бүгінде Оңтүстікте тоқыма кластері қалыптасып отыр. Құрметті Елбасы, Оңтүстік арнайы экономикалық аймақ үшін инвесторлар атынан үлкен алғысымызды білдіреміз! Және өзіңізден өндірісті бастауға рұқсат сұраймын»-деді. «Аятолла, сен жақсы өндірісті іске қосыпсың. Мен жазда барғанымда бірінші кілем зауытын көрген болатынмын. Осындай керемет кілемдердің Шымкенттен шығатынын қазақстандықтардың бәрі біле ме екен, білмей ме екен? Өте қажет және сол жердегі мақтаны пайдалануға мүмкіндік береді. Барлықтарыңызға рахмет. Кәсіпорынды іске қосыңыздар!», — деді Н.Назарбаев. Осы күні «Химфарм» АҚ өндірістік қуаттылығын арттыру жобасы да іске қосылды. Жоба құны 14 млрд. теңгені құрап, 4 кезеңнен тұрады. Қазір мұнда құны 5,8 млрд.теңгені құрайтын I кезең іске асып, 500 жаңа жұмыс орны ашылған. Жаңа цех жылына 350 млн. ампула инъекциялық ерітінді, 4 млн. пакет инфузиялық ерітінді, 40 млн. флакон антибиотик пен 1 млрд. таблетка өндіреді.Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысынан Индустрияландыру картасына құны 1,2 трлн. теңгені құрайтын 223 инвестициялық жоба енгізілген. Соңғы бес жылда өндіріске 180 млрд.теңге инвестиция тартылып, 135 жаңа жоба іске қосылды. 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл жалпы өңірлік өнім көлемі 2,3 трлн.тг жетіп, соңғы бес жылда үш есеге ұлғайды. Өндіріс көлемі 2,5 есе, өңір экономикасындағы өнеркәсіптің үлесі 15%-дан 25%-ға өсті. Инвестиция көлемі бір жарым есе, еңбек өнімділігі екі есе артты. Белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 125 мыңға жетті. Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы арқасында соңғы бес жылда Оңтүстікте машина жасау, фармацевтика, тамақ өндірісі, тоқыма өнеркәсіптері мен құрылыс индустриясы кластерлерінің іс жүзінде толық негіздері қаланды.