«Шымкенттен шыққан» өнімдер әлемді шарлайды
«Шымкенттен бәрі де шығады»… Жаман жағынан емес, жақсы жағынан. Нақтысын айтқанда тұтынушының талғамына сай сапалы өнімдер өндірілуде. Парсының қалы кілемінен қалыспайтын кілемдер, кезінде шетелдіктерді тамсандырған «Восход» тігін фабрикасының өнімдеріне жетеқабыл кәстөм шалбарыңыз да бүгінде Шымкентте шығарылуда. Инновациялық өнім де, күнделікті тұтынатын өнім де осы өңірде өндірілуде. «Импортный» өнімдеріңізден қалыспақ емес. Саны да, сапасы да… Соңғы әлетте оңтүстіктің экономикасына тың серпіліс әкеліп, қазына қазанын қомақтыландыруға мол үлесін қосып жатқан кәсіпорындар көптеп ашылуда. Әлеуметтің бетін бері қарату үшін отандық өнімге деген бетбұрыс қажет-ақ. Осыған орай ілкімді серпіліс те байқалады. Күні кеше Шымкентте отандық тауарөндірушілер форумы өтті. Шараға өңірдегі жүзден астам кәсіпорындар қатысып, шығарып отырған тауарларын көпшілікке ұсынды. Форумның мақсаты – жергілікті кәсіпорындарды қолдау бағытында ішкі нарықта және мемлекеттік сатып алу жүйесінде жергілікті тауарөндірушілердің өнімін алу, өндіруші мен тұтынушы арасында диалогтық кеңістігін құру болып табылады. Сонымен қатар, облыстық әкімдік пен Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік сатып алуда оңтүстікқазақстандық тауарлардың үлесін 70-80 пайызға жеткізу жөнінде бірлескен шаралар жоспарын бекітті.
Сапарбек Тұяқбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
— Отандық өнімді қолдау аясындағы бұл форум облысымызда екінші жыл ұйымдастырылып отыр. Оңтүстік Қазақстанда соңғы бес жылда 137 жаңа кәсіпорын ашылды. Олардың арасында құрылыс, текстиль, тамақ өнеркәсібі мен фармацевтика саласындағы тың жобалар бар. Бүгінгі көрмеге Астана қаласынан «Expo-2017» көрмесінің құрылысын жүргізетін тоғыз құрылыс компаниясының өкілдері келді.
Форумға «Астана Expo-2017» ұлттық компаниясының өкілдері мен «Expo-2017» көрмесінің жоба жетекшісі және бірқатар құрылыс компанияларының өкілдері қатысты.
Топ мүшелері мемлекеттік органдардың қандай тауарға тапсырыс беретінін және олардың қайсысы облысымызда өндірілетінін бақылап отырмақ. Кәсіпкерлер палатасы облыстағы тауарөндірушілердің заң аясында тікелей мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысуына көмектеспек. Осы шара арқылы ұйымдастырушылар жергілікті өнімдерді тек облыс көлемінде ғана емес, Кедендік одақ елдері ауқымына экспорттау мүмкіндігін де қарастыруда. «Expo-2017» көрмесінің өкілдері аймақтағы бірқатар өндіріс орындарын аралап, аймақта өндіріліп жатқан тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін айқындады.