
Елші Ерік Өтембаев облыс басшысына Оңтүстік Қазақстан облысында қазақ-өзбек агро индустриалды аймағын салуды және Ташкент қаласымен ғана емес, Өзбекстанның барлық аймақтарымен де әріптестік байланыс орнатуды ұсынды. «Екі жақтың климаты ұқсас болып келгендіктен мұнда көкөніс өсіру шаруасын дамытуға болады. Және қос ел арасындағы туризм саласын өркендету мақсатында Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртуымыз керек. Бұл бағытта қазіргі таңда тиісті жұмыстар мен келіссөздер жүргізіліп жатыр», — деді елші. Бұл ретте, Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі «Самарқан – Шымкент – Түркістан» мен «Шардара – Жетісай – Жызақ» бағыттарында жүретін автобустар қатынасының орнатылатынын мысал ретінде келтірді. Сонымен қатар, мәртебелі мейман Оңтүстіктегі «Химфарм» АҚ өндірісі шығаратын дәрі-дәрмек көршілес өзбек елінде сұранысқа ие екенін айтып, бүгінде дәрі-дәрмек өнімдерін жүйелі түрде сатып алуға ниетті екенін жеткізді. Қос тарапты кездесу барысында ОҚО кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Марат Қарабаев оңтүстіктің кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндіктерімен таныстырды. Сонымен қатар, туризм бағытын дамыту жайын да баяндады. Айта кетейік, 2015 жылы екі елдің арасындағы тауар айналымы 1,67 млрд. АҚШ доллларына жеткен. Осы сынды кездесулердің нәтижесінде экспорт пен импорттың көлемін арттыру көзделіп отыр. Бүгінде Өзбекстан мемлекетінен көгілдір отын, мақта талшықтары, химиялық өнімдер, тыңайтқыштар мен көкөністер импортталады.