Туризм саласынан толағай табыс түсіріп отырған Түркияның тәжірибесін үйрену керек-ақ. Жуырда Түркияның мәдениет және туризм министрлігінің тренер шеберлері — Джеззим Оздемир және Мурат Озен, турагенттіктер қауымдастығының уәкілетті өкілі Чери Эрдал күнгейге келіп арнайы кездесу өткізді. Жиынды ашқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев: «Біз туысқан түрік ағайындармен тәжірибе алмасуға ниеттіміз. Өйткені, Түркияда соңғы уақытта туризм саласы жақсы дамып келеді. Мысал келтірсек, кейінгі жылдары Түркияға 40 млн. турист келген. Анталия мен Аланияның өзінде инфрақұрылымы жолға қойылған және қызмет көрсету деңгейі жоғары 1500-ден астам үш жұлдызды, төрт жұлдызды және бес жұлдызды қонақ үйлер бар. Сондықтан, бізге олардың тәжірибесін пайдалану керек», — деді. Айтса айтқандай-ақ, Түркістанға жылына 1млн турист келді деп бөркімізді аспанға атып жүргенде 40 млн турист қабылдайтын Түркияға таң қалмасқа шара жоқ. Олардан үйренеріміз көп, әрине. Туризм саласының майын ішіп, жілігін шаққан мамандар күнгейге келіп, туристік фирмалардың қызмет көрсету деңгейін жақсарту үшін апталық оқу курсын өткізуге келіпті. Оқу курсы барысында туристік операторлардың біліктілігін жетілдіру, мейрамхана бизнесіне баулу және қонақ үй менеджментіне үйрету тақырыптарынан тұратын үш кезеңді шеберлік дәрістерін өткізді. Оған облысымзда осы салада тер төгіп жүрген 70-тен астам мамандар қатысты. Берері мол бұл оқу курсы «Оңтүстік Қазақстан облысының туризм индустриясын дамыту қауымдастығы» мен Түркияның турагенттіктер қауымдастығы және туристік ақпараттық орталығының келісімі нәтижесінде жүзеге асты. Оқу курсын сәтті аяқтаған қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді. Енді түркиялықтардан тәлім алған мамандар тәжірибелерін арттырып, осы саланың өгіз аяңын өрге өрлетпек.