ОҚО-да бірнеше нысандардың тұрғындардың игілігіне тапсырылуы Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Жуырда ғана Түркістанда бірнеше елдімекен мен ықшамаудан тұрғындары ауыз су және сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етілді. Қалада жаңадан бой көтерген ықшамаудандарға сапалы қызмет түрін тарту бұдан біраз уақыт бұрын басталған болатын. Дәл осы күні Түркістандағы бес нысанда ауыз су құбырлары және қаланың ұлғаюына байланысты жаңа тұрғын үйлерге сапалы электр қуатын тарату үшін бес аймақта электр желілері іске қосылды. Аталған нысандарды іске қосу үшін жұмсалған қаржы көлемі қомақты. Олардың жалпы құны 4 млрд. 904 млн. теңгені құрап отыр. Соның ішінде ауыз суға 3 млрд. 438 млн. және электр желілерін орнатуға 1 млрд. 465 млн. теңге бөлінген. Түркістан қаласына қарасты Қарашық ауылында ауыз су құбырларының құрылысы жүргізілген болатын. Таза суға енді қолы жеткен ауылдағы ағайын бек қуанулы. Сарқырап ағып тұрған ауыз су құбырының іске қосылғанын сарғайып ұзақ күткен болатын. Осы уақытқа дейін қарашықтықтар құдықтан су тартып, сапасыз су ішіп келген еді. Әрине таза су болмағандықтан түрлі қиындықтар туындаған-тын. Енді оның бәрі артта қалды. Ел игілігіне берілген нысандар «Ақ бұлақ» бағдарламасының аясында жүзеге асырылып отыр. Бұдан бөлек ауылда көшелер жарықтандырылып, асфальт төселіп, тіпті ауылда аяқжолдар салынуда. Бұрын аяқжол деген атымен болмайтын. Осының барлығы да еліміздегі қарқынды жұмыстардың жүргізіліп жатқандығының белгісі болса керек. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ауыл тұрғындарына бұл зор тарту болды.