Түркістандықтар осылайша Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай зор қуанышқа кенеліп отыр. Тиісті сала мамандарының айтуынша іске қосылған нысандардың есебінен Түркістан қаласы аумағында тұрғындарды ауыз сумен қамту 90 пайызға жетіп, биыл 15 мыңнан астам абонент таза су тұтынуға қол жеткізіп отыр. Ал 2016 жылы қала аумағындағы 5 мыңнан астам абонент сапалы электр қуатымен қамтылған. «Бекзат» ықшамауданында жаңадан қоныстанған тұрғындар барлық үйлерге ауыз су, электр қуаты және жол салынғанына аса қуанулы екендіктерін жеткізді. Түркістандағы коммуналдық қызмет сапасының арта түскені әрине жергілікті әлеумет үшін зор көмек. Түркістандағы Тәуелсіздікке тарту ретіндегі игілікті шаралар тек мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы күндерде шалғай ауылдардағы өзен көпірлері, көшелерді жарықтандыру секілді коммуналдық қызмет сапасын арттыру бағытында түрлі ел әжетіне жарайтын нысандар саны арта түспек. Игі іс осылайша жалғасын таппақ.