Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен әкімдіктің кезекті мәжілісі өтті. Күн тәртібінде мал шаруашылығын, мәдениет саласын, туризмді дамыту мәселелері мен перспективаларын, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жайы мен коммуналдық меншіктің сақталуы және пайдалануын бақылау сынды 5 мәселе қаралды. Аграрлы айма болғандықтан осы салада жетістіктер жоғары болуы тиіс, әрине. Осыған орай, жиында жоғарыда аталған бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының баяндамасы да үндесіп жатты. Басқарма басшысы Серік Тұрбеков мал шаруашылығы бойынша соңғы екі жылда ірі қара мал саны 35 мыңға артып 865 мың басты құрағанын, қой-ешкі 155 мыңнан 3 млн. 893 мыңға өскенін, ал жылқы 16 мыңға артып 230 мыңға жеткенін айтты. Сонымен қатар, ол мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өтті. Мәселен, ет өндіру 111,4 пайызға, сүт өндіру – 104,8 пайызға, жұмыртқа өндіру – 112,1 пайызға, жүн өндіру 110,1 пайызға артқанын тілге тиек етті. Аталған салада өсу бар, өркендеу бар. Одан ары дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Осы жайттарды ескерген облыс әкімі жалпы мал шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі шаралар жүргізу керектігіне тоқталды.