ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевтың Арыс ауданынам жасаған жұмыс сапары барысында ат басын бұрған екінші нысан «Жаңа Ақдала» ЖШС томат өңдеу зауыты болды. Томат пастасын шығаратын Агрофирма «Жаңа Ақдала» ЖШС биыл тамшылатып суару әдісімен үш жүз гектар жерге қызанақ еккен. Зауыт 2008 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылып, бірнеше жыл өнім шығарғанымен, кейін экономикалық мәселелерге қатысты жұмысын тоқтатқан еді. Биыл зауыт қайта іске қосылды. Тамыздың соңы мен қыркүйектің басында алқаптан қызанақтар теріліп, өндіріс орны өнімін шығара бастады. Тәулігіне 600 тоннаға дейін қызанақ өңдеуге қауқарлы өндіріс орны осы жылы жеміс өңдеу түрін де қызметіне қосты. Сұранысы жоғары өнім өндіретін зауытта 48 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал жұмыс қызатын тұста яғни маусым кезінде 200 адам жұмысқа тартылады. Мұнда томат пастасы және алма тосабын (повидло) өндіреді. Жеке инвестор есебінен қаржыландырылатын серіктестіктің 2 747 гектар жері болса, соның биыл 300 гектарына қызанақ, 170 гектарына бау егіліп, одан 975 тонна томат концентраты (пастасы), 126 тонна алма (повидло) тосабы өндірілді. Мұндағы жалпы инвестиция көлемі 2 млрд. 300 млн. теңгені құрайды. Алдағы уақытта өнім көлемін арттыру жоспарда бар.