
Оңтүстік Қазақстан облысның әкімі Жансейіт Түймебаевтың Арыс ауданына жасаған сапары барысында ел игілігіне берілген ілкімді іспен тұспа-тұс келді. Яғни, Арыста дендрарий саябағының ашылу салтанатына қатысып, лентасын қиды. Арыс – Шымкент тас жолының бойынан жаңадан ашылған дендросаябақ қаланың «өкпесі» қызметін атқаратын болады. Өндірісті қаланың ауасын тазартуға септігі тимек. Аумағы 12 гектар алқапты құрайтын дендрарий саябағының құрылыс жұмыстары өткен жылдың тамыз айында басталған болатын. Араға бір жыл салып пайдалануға беріліп отыр. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан аймақ басшысы Ж.Түймебаев арыстықтарға естелік ретінде шырша ағашын егіп, жергілікті халықты осы саябаққа кемінде бір түп ағаш егуге шақырды. Аталған бақта бүгінгі таңда бірнеше түрлі ағаш көшеттерінен 10 мың түп жасыл желек өсірілуде. Атап айтқанда, мұнда ағаштардың тез өсетін тұқымдары — терек, шаған, үйеңкі, тал, қайың, акация, катальпа, шынар, шегіршін, үштікенекті, қарағаш, мойыл, боз арша, қарағай, шырша, жеміс ағаштары, тірі ағаш шарбақ, көп жылдық гүлзарлар бар. Дендрарийдің қаланың көркіне көрік қосары анық. Көптен күткен саябақтың ашылуына арыстықтар аса қуанулы.