Бүгін ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында ОҚО Отырар ауданындағы Ескі Шілік ауылының орталығында «Жастар» саябағы ашылды. Жиында сөз алған аудан әкімі Ерлан Айтаханов Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерге тоқталып өтті. «Ширек ғасыр тарих үшін қас-қағым сәт. Алайда, біздің Тәуелсіз жас мемлекетіміз осындай қысқа мерзімде толағай табыстарға жетіп отыр. Мемлекеттік тапсырыспен жүзеге асқан «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы үлкен қалаларды ғана емес, шалғайда жатқан шағын елді мекендердің көркеюіне де ықпал етті. «Еліміздің ертеңі — бүгінгі жастар» дегенді Елбасымыз үнемі айтып келеді. Дамыған, озық 30 мемлекеттік қатарына қосылу Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алға қойған мақсаты. Ол үшін біздің жастар үш тілді қатар біліп, жаңа технологияларды мүлтіксіз меңгеруі керек. Бүгінгі ашылып отырған «Жастар» саябағы жастардың сүйікті демалыс орнына айнала берсін. Тәуелсіздік мейрамы құтты болсын!», — деді аудан басшысы. Құттықтау сөзден соң аудан әкімі мен ауыл ақсақалдары саябақтың лентасын қиып, жастарға ақ батасын берді. Әдемі аяқжолдар төселіп, бұрыннан өсіп тұрған талдармен қатар бой түзеген сәндік ағаштар, бір сәт демалып отыратын орындықтар, іс-шара өткізуге арналған сахна жаңа саябаққа көрік беріп тұр.