ОҚО-дағы Түркістан қаласында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай игі іс-шаралар легі жалғасуда. Осындай шараның бірі өңірдің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген үкіметтік емес ұйым басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарын марапаттау салтанатымен өрбіді. Жиынды қала әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков жүргізіп, қала әкімінің арнайы алғыс хаттарын табыс етті. Салтанатты шарада марапатталған азаматтар ұйымдастыру алқасына алғыстарын жеткізсе, ақын-журналист Ақмарал Ғаниқызы Тәуелсіздікке арнаған жыр жолдарын оқыды. Сондай-ақ Халықаралық Қазақ тілі қоғамы Түркістан бөлімінің төрағасы Мұсахан Дүйсекейұлы Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен барша жиналған жұртшылықты құттықтап, Елбасының салиқалы саясатының, еңбегінің арқасында еліміздің осындай жетістіктерге жеткенін айтты. Жиын соңы марапатқа ие болған барлық азаматтар естелік суретке түсті.