Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі аясында ОҚО Отырар ауданындағы Аққұм ауылындағы «Көккөл» каналы толықтай іске қосылды. Жиынға ауыл тұрғындары, дихандар, аудан әкімінің орынбасары П.Жаппарқұлов қатысты. Елбасымыздың сындарлы саясатын орындау барысында облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, су тапшылығы орын алып отырған «Көккөл» каналы ағымдағы жөндеуден өткізілді. Бұрын канал ішін ұйық-шөгінді басып, су өткізу қабілеті төмендеген еді. Тоспалары мен су бөлгіштері жарамсызданып, осының салдарынан су тапшылығы орын алып, канал бойындағы 1300 гектар егістік жердің 307 гектарына су жетпей егілмей қалған. Сол жұмыстар бүгінде толық атқарылып, каналдың 10,5 шақырымы механикалық тазалаудан өткізілді. 2 дана гидроқұрылым жөнделіп, 1 дана құбырлы өткел орнатылды. 7 дана су өткізгіш құрылым жөндеуден өтіп, 1 дана су өлшегіш бекет жаңартылды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде егілмей отырған 307 гектар жердің сумен қамтылуы жақсарып, толықтай егілетін болады. Дихандардың әлеуметтік жағдайы жақсарып, тұрмыс деңгейі көтеріледі. Аудан әкімінің орынбасары ауыл тұрғындарын келе жатқан Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесімен құттықтап, дихандарға табыс тіледі.