ОҚО Отырар ауданының орталығында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздікке тарту» акциясы аясында ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Өнім өндірушілер мен тұрғындар үшін тиімді жәрмеңкеде өнімдер делдалсыз жеткізіліп, нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен сатылды. Тәуелсіздікке тарту ретінде өткізіліп отырған жәрмеңкеге қатысқан аудан әкімі Ерлан Айтаханов Тәуелсіздік мерекесімен және жәрмеңкенің ашылуымен құттықтады. Аудан басшысы «Бұл шаралардың барлығы да Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына тарту, бағаны тұрақтандыру жолындағы жұмыстар. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қайта жаңғырған бұл ауыл шарушылығы жәрмеңкесі ауыл шаруашылығы өнімдерін сату мен тарату, ауданымыздың табиғи байлықтарын насихаттау т.б. қызметтер атқаратын жүйелі орынға айналып отыр. Мұнда ұсынылған өнімдердің көпшілігі дерлік жергілікті өнімдерді құрап отыр. Алдағы уақытта жергілікті өнімдердің үлесін мұнан да арттыра түсу қажеттілігін ұсынамын»,- деп сөзін түйіндеді. Тұрғындардың көңілінен шыққан жәрмеңкеге аудан тұрғындары ризашылығын білдіріп, игі істің өткізілуіне мұрындық болған азаматтарға алғыстарын жеткізді.