Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Отырар ауданында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай аудандық аурухананың күрделі жөндеуден кейінгі ашылу салтанаты болып өтті. Оған аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысып, «Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесіне орай ауданымызда көптеген ауқымды істер атқарылуда. Бүгінгі аурухана ғимаратының күрделі жөндеуден өткізіліп, ем алушылардың игілігіне берілуі қолға алынған істердің бір парасы ғана» — деді. Сонымен қатар аудан әкімі, Елбасымыздың саясатының арқасында Тәуелсіздік жылдары еліміздің шалғай аудандарында көптеген аурухана, мектептер жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Мұның бәрі де Қазақстан халқының әл-ауқатын көтеру үшін жасалынып жатқан шаралар деп, ақ халатты абзал жандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, көптеген жылдар бойы медицина саласының ардагері, зейнеткер Жеміс Бөлекбаева сөз алып, әріптестерін мерейлі мерекемен құттықтап, дәрігерлерді ел үшін аянбай еңбек етуге шақырды. Күрделі жөндеуден өткен аурухана ғимаратымен танысқан аудан басшысы науқастардың хал-жағдайын сұрап, мамандармен тілдесті.