Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың өлкемізді жасыл желекке айналдыру қажет деген тапсырмасынан кейін бүгінде облыстағы тәлімбақтарда жұмыс қызу. Облыс орталығындағы тәлімбақта ерекше күтімдегі 3 миллион көшет бар. Сәндік ағаштардан бөлек будандастырылған ағаштар да жайқалып тұр. Мұнда аққайың, тұт ағашы өсіп тұр. Ал тұт ағашы дәл осы тәлімбақтан өзгелерінде жоқ. Жылдың кез келген мезгіліне шыдамды, қарда ық болатын қарағаш көшетіне сұраныс басым екен. Қыста жол бойларын қар басып қалудан сақтайтын қарағаш шөлге шыдамды да. Сондықтан да облыстың әр түкпіріндегі аудандардан сұраныс артып отыр. Тәлімбақтағы тәжірибе алаңына 1,5 гектар жер берілген. Мұндағы мамандардың алға қойған мақсаты – кез-келген ағаш түрін күнгейдің климатына жерсіңдіру. Сұранысы жоғары көшеттер – бозарша, жай арша, қырым қарағайы, аққайың және жеміс-жидек, алма, алмұрт, өрік көшеттері көптеп өсірілуде. Ағаштардың тұқымын жинау да машақаты мол шаруа. Биыл 3 мың келі тұқым жиналыпты. Енді олар топыраққа себіліп, жасыл желекке айналуы тиіс. Бұған дейін мамандар тұқымнан қайың мен жөке ағашының жаңа түрін шығарған. Сондай-ақ көшелерге көрік беретін керемет ағаштардың жаңа түрлерін шығару да жоспарларында бар.