Қазына қоржынындағы қомақты қаражат салықтан түсетіні белгілі. Жуырда ОҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жылдың ең үздік салық төлеушілерін марапаттаған болатын. Жыл сайын облыстың бюджет бүйірін толтыруға үлес қосып жүрген 6 кәсіпкер марапатқа ие болды. Олар міндетті мемлекеттік төлемдерді адал, әрі уақытылы төлеген, әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол бермеген және өңір экономикасын дамытуға елеулі үлес қосқан кәсіпкерлер. Қазына қамбасын қомақтыландыруға мол үлес қосып жүрген кәсіпкер «Ордабасы құс» ЖШС-нің директоры Мұрат Тағаев – «Үздік салық төлеуші — заңды тұлға» номинациясына лайық деп танылды. Күркетауық етімен отандық нарықты қамтып қана қоймай өнімін шетелге экспорттап отыр. Осы уақытқа дейін 38 мың тонна тауық етін өңдеп, 700-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Басқа да номинациялар бойынша Төлеби ауданының «Тәуекел» шаруа қожалығы, Сарыағаш ауданынынан кәсіпкер Ақбөпе Сейтжаппарова, Сайрам ауданының «Құрбанов және К» өндірістік кооперативі, «Электрокомплект-1» ЖШС-тері марапатталды. Сондай-ақ, «Үздік салық төлеуші жеке тұлға» ретінде Нұрмахан Тұранов танылды. Мемлекеттік кірістер департаменті ұйымдастырған байқау әлеуметтік-корпоративтік жауапкершілікті көтеруге бағытталған ынталандыру болып табылады. Мұндай марапат кәсіпкерлердің алдағы жұмысына серпін берері анық. Ел экономикасын ілгерілетуге барынша үлес қосып отырған кәсіпкерлерды мараппаттау оларға тың серпін берері анық.