Жуырда ОҚО Отырар ауданында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңында Көкмардан ауылындағы күрделі жөндеуден өткен Талха Әйменов атындағы «КМ-1», «КМ-2» каналдары іске қосылды. Тәуелсіздікке тарту ретінде тапсырылған каналдың ашылу салтанатына аудан әкімі Ерлан Айтаханов қатысып, ауыл тұрғындары мен дихан қауымын құттықтады. Құттықтау сөзінде «Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында, жаһандық экономикалық дағдарысқа қарамастан барлық жағдайлар жасалынып жатыр. Оның дәлелі Кеңес Одағы тарап кеткеннен бастап жөндеу жұмыстарын көрмеген бүгінгі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығының қарсаңында пайдалануға беріліп отырған осы канал. Жалпы Отырар ауданында биылғы жылы 1,4 млрд. теңгеге ұзындығы 33,5 км құрайтын 2 канал күрделі, ұзындығы 111 км құрайтын 12 канал ағымдағы жөндеуден өтті. Бүгінгі пайдалануға берілген «КМ-1» каналының 7,6 шақырымы механикалық тазатудан өткізілсе, «КМ-2» каналының 11,5 шақырым бетонмен қапталып, тоспаларын жаңадан салынып, тоспалары жаңадан орнатылды. Игі істердің нәтижесінде алдағы уақытта үй-іргелік жермен қатар, 1200 гектар суармалы жердің сумен қамтылуы жақсарып, пайдалануға жаңадан 220 гектар жер қосылатын болады. Осы жұмыстардың барлығы да бүгінгі ауданымыздың ауыл шаруашылық саласын дамытуға жасалынып жатқан нақты шаралар деп білуіміз керек» деді аудан басшысы. Салтанатты шарада Талапты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, су шаруашылығы саласының ардагері Мырзахмет Әлімбаев каналдың күрделі жөндеуден өтуі Тәуелсіздік жылдарындағы барша талаптылық ағайындарға жасалынған мол тартулардың бірі ретінде бағалады.