Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс өткен жетінші сессиясындағы екінші мәселе облыстық бюджетті нақтылау болатын. «Облыс әкімі бюджет көлемі 12,6 млрд. теңгеге ұлғайып, 472 млрд. теңгені құрағанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 75 млрд. теңгеге артқанын айтты», — деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Бұл қаржының бірінші кезекте әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталатынын жеткізген өңір басшысы аталған жұмыстар қорытындысымен облыс көрсеткіші оңды нәтижеге жетеріне сенім білдірді. «Білім беру мекемелеріне жан басына шаққандағы қаржыландыруға, балабақшаларда 13500 орынға мемлекеттік білім беру тапсырыстарын орналастыруға және мұғалімдердің еңбек ақы шығындарына қосымша 7,3 млрд. теңге бағытталуда. «Өрлеу» жобасы арқылы аз қамтылған еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтуға, 18 жасқа дейінгі балаларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 538 млн. теңгеге жуық қаржы қарастырылуда. Ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерін мемлекеттік қолдауға жалпы 6,2 млрд. теңге бағытталуда. 7 білім беру нысанның құрылысын жалғастыруға 725 млн. теңге қарастырылуда», — деді Жансейіт Қансейітұлы. Аймақтың денсаулық сақтау саласын дамыту жайы да ұмыт қалған жоқ. Салаға қатысты 3 нысанның құрылысын аяқтауға және 1 нысанның құрылысын жалғастыруға 298 млн. теңге бағытталатын болды. 21 тұрғын үйдің құрылысын жалғастыруға қосымша 950 млн. теңге бөлінсе, сумен қамтамасыз ету үшін 3 нысанның құрылысына 1,3 млрд. теңге және 2 кәріз нысанының құрылысына 781 млн. теңге жұмсалмақ. Ал газбен қамтамасыз ету үшін 7 нысанның құрылысын жалғастыруға және 1 нысанның құрылысын бастауға 598 млн. теңге бағытталуда.Сонымен бірге, аймақ басшысы электрмен, жылумен қамтамасыз ету жұмыстарына, кәсіпкерлік саласына да қаражат қаралып жатқанын хабарлады.