Бүгін Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ОҚО Отырар ауданындағы Қ.Сәтпаев атындағы жалпы орта мектебінде «Қазақ елі — Мәңгілік ел» тақырыбында патриоттық форум болып өтті.Елімізге еңсе тіктетіп, мемлекеттігімізді мығымдап, халқымызды әлемге таныту жолындағы «Мәңгілік ел» идеясын ұғындыру бүгінгі форумның басты мақсаты болды. Ел ертеңі жастарды ұлтжандылыққа, өз елін, туған жерін сүюге тәрбиелеуге баулуға бағытталған шараға ауыл ақсақалдары, ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Форумда «Қазақ елі тарихы», «Мәңгілік ел» атты арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, оқушылар «Мәңгілік Елдің» мызғымас бірегей рухани келбетін айқындайтын жыр шумақтарын оқыды.Егемендіктің мән-маңызы насихатталған жиында Халық ақыны, Парасат орденінің иегері Әселхан Қалыбекова Тәуелсіздік жолында жеткен жетістіктерді айтып, жастар үлкенге ізет, кішіге құрмет деген ұстанымды ұстануы керек. Біз сонда ғана ел патриоттарын тәрбиелейміз, — деп Тәуелсіздікке тарту ретінде жырдан шашу шашты. Ардагер ұстаз Кеңес Жұмашев, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ақмарал Айшықовалар Тәуелсіздік жылдарында өзгелерден озып шығып, қазақ елінің өзін әлемге мойындатқан іргелі істері туралы пікірлерін білдіріп, форумды ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты. Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов Тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктерімізді атап өтіп, көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтады.