Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» атты акция басталғаны белгілі. Мерекелік іс-шаралар жоспарына сәйкес бүгіннен, яғни 21 қарашадан бастап 25 жұлдызды күннің алғашқы іс-шаралары өткізілді. ОҚО Шардара ауданы әкімдігіне қарасты мекемелерде жаңадан мемлекеттік қызметке кірген бір топ азаматтар көпшілік алдында салтанатты түрде ант қабылдады. Ант беру рәсіміне арналған жиынды ашып, жүргізіп отырған аудан әкімінің міндетін атқарушы Тұрсынқұл Байтұрғанов алғашқы сөз кезегін аудан әкімі аппараты персоналды басқару бөлімінің басшысы Қалдықыз Қошимоваға берді. Қалдықыз Төлегенқызының ант беретін мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің аты-жөндері мен лауазымдарын таныстырып өткен соң, ант беру рәсімі басталды. Алғаш болып мінбеге шыққан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Дәулетбай Медетбаев өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік қызметті адалдықпен атқаруға ант берді. Сол сияқты, аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің жетекші маманы Кенжехан Қадыров, қала әкімі аппаратының әлеуметтік сала маманы Сұлтанхан Әбдінәсіров, қала әкімі аппаратының бас маманы Мақсұт Мейірбеков, Қ.Тұрысбеков ауылдық округі әкімі аппаратының коммуналдық қызмет жөніндегі бас маманы Қыныбек Нұрсейіт, Жаушықұм ауылдық округі әкімі аппаратының бас салық маманы Әйгерім Момбекова және Достық ауылдық округі әкімі аппаратының бас салық маманы Бауыржан Орынбасаровтар салтанатты түрде ант қабылдасты. Мемлекеттік әнұран орындалып болған соң, жаңадан мелекеттік қызметке қабылданған азаматтарды аудан әкімінің міндетін атқарушы Тұрсынқұл Байтұрғанов арнайы құттықтап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қоса беруге шақырды. 25 жұлдызды күн аясында ауданда 75 түрлі іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.