Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кең пейілділік. Ол адамға қызмет қылып, жақсылық жасауға пейілді жанға тән сипат. Жомарт болу — өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Осыған орай жуырда ОҚО Төлеби аудандық мәслихат депутаты, аудандық емхана басшысы Данияр Айтбаевтың және аудандық емхана ұжымы мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетуді қолға алып, қайырымдылық акциясын өткізді. Биылғы жылы ауданымызда түрлі бағытта 27 қайырымдылық акциялары ұйымдастырылған. Оның бірі Құрбан айт мерекесінде Кувейт мемлекетінен келген Ду Эйш Эь Шимари 25 қойды құрбандыққа шалып, 100 жағдайы төмен отбасына таратқан болатын. Күні кеше Көксәйек ауылында Қазақстан Республикасының Халық әртісі Нұрлан Өнербаев өзінің шығармашылық концертін өткізіп, жағдайы төмен 24 балаға сырт киім сыйға тартып, өзінің қамқорлығын көрсетті. «Он ақылдыдан, бір мейірімді артық» деген аталы сөзді ту еткен осындай азаматтарымыз ауданымызда көп десек артық айтқанымыз болмас. Бүгін Данияр Айтбаев бастаған аудандық емхана ұжымының мүмкіндігі шектеулі 60 балаға қайырымдылық көрсету акциясының куәсі болдық. Бұл ұжымның бастамасы ауданымыздың басқа да ұжымдарына серпін береді деп сенімдеміз.