Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасына орай Түлкібас ауданының басшысы ауданда туризм кластерін дамыту мақсатында Келтемашат ауылдық округі, Машат шатқалында орналасқан лагерьлер мен демалыс орындарын аралап, алдағы атқарылатын жұмыстарымен танысты. Түлкібас ауданы жалпы туризмді дамытуға таптырмас аудан екені белгілі. Жасыл желекке малынған, көкорай шалғынды, табиғаты тамаша таулы ауданға туристерді тартудың жолын табу бүгінгі күннің басты мәселесі болып отыр. Жалпы ауданда 13 демалыс аймағы болса, оның 9 демалыс аймағы осы Машат шатқалында орналасқан. Аудан басшысы аталған аймақта орын тапкен лагерь басшыларымен кездесіп, лагерьлер заман талабына сай қызмет көрсету сапасын жақсарту қажеттігін алға тартты. Демалыс орындарына тек республикамыздан ғана емес, шет елдерден туристер тарту қажеттігі тілге тиек етті.