Жуырда ОҚО Төлеби ауданында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ — ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 25 НЕГІЗІ» атты 25 жұлдызды күн акциясы бастау алды. Жұлдызды 25 күннің бірінші күні — «Қазақстан Республикасының Конституциясы» деп аталып, аудандық Мәдениет үйінде «Тәуелсіздік жетістіктері» атты таныстырылымдық көрме ашылуымен басталды. Салтанатты жиынды ашқан аудан басшысы Бұхарбай Парманов Төлебиліктерді Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтады. Жұлдызды күндердің әр күніне өзінше атау беріліп, ол бойынша іс-шаралар өз деңгейінде сән салтанатымен ауданның әрбір елді мекенінде оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың өзін қамти отырып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында өткізу көзделген. 21 қараша Қазақстан Республикасы Конституциясы күні тойланса, 22 қараша Мемлекеттік рәміздер, 23 қараша Мемлекеттік шекара, 24 қараша Мемлекеттік тіл, 25 қараша Жаһандық бастамалар күндері тойланантын болады. Әр күннің өзіндік іс-шаралары мен атқарылатын мақсаттары бар. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған Тәуелсіздік мерейтойына арналған таныстырылым көрмеде еліміздің жетістіктері 14 стендте және облысымыздың жетістіктері 12 стендте баяндалды.
Қарашаның 21 мен желтоқсанның 15 күні аралығында өтетін «25 жұлдызды күн» акциясы түрлі атаулармен Тәуелсіздік жетістіктерін баяндайтын тағылымы мол жиын, мерекелерімен ауданда жалғасын таппақ.