Қазақстан халқы Ассамблеясына этносаралық татулықты қамтамасыз ету ғана емес, жалпы, елдің бірлігін, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету ісі жүктеліп отыр. Елдің ауызбіршілігін нығайту, қоғамда орын алып жатқан өзекті мәселелердің алдын алу мақсатында ОҚО-да Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан 1 облыстық, 15 қала-аудандық, 185 ауылдық-округтік қоғамдық келісім кеңестері құрылып, жұмыс істеуде. Кеңес құрамына тартылған аузы дуалы, көпті көрген ақсақалдар елдің ауызбіршілігін сақтауға өз үлестерін қосып келеді. Осы бағытта Түркістан қаласының аумағында құрылған 12 қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын мысал ретінде айтсақ болады. Ынтымағы жарасқан Түркістан аумағында 54 этностың өкілдері тату-тәтті ынтымақта өмір сүруде. Барлық этностың өкілдері қалада өтетін түрлі іс-шараларға бірдей қатысып, іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосуда. Өткен 9 айда Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркістан қалалық Қоғамдық келісім кеңесі қалалық ақсақалдар алқасымен бірлесе көптеген игі істердің жүзеге асуына ұйытқы болды. Атап айтар болсақ, Жаңа Иқан ауылдық округінде «Ырыс алды-ынтымақ» іс-шарасын өткізуге қатысып, ынтымақты сақтау бағытында бәтуалі ой айтты. Жүйнек ауылдық округінде өткізілген жиналысқа кеңес мүшелері, ауыл ақсақалдары, имамдар, жастар қатысып, ауылдағы қоғамдық тәртіпті нығайту, той жиындарды салт-дәстүрімізге сай үлгілі дәрежеде өткізу, жастар тәрбиесі мәселелерін кеңінен талқылады. Шорнақ ауылдық округінің қоғамдық келісім кеңесі жастар арасындағы тәртіп бұзушылықты болдырмау, ауылдық округтегі этнос аралық татулықты сақтау мәселелері жөнінде тәрбиелік мәні бар жиналыс өткізіп келеді. Үшқайық ауылдық округінің қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері ауылдық округтегі түрлі себептермен ажырасып кеткен жастардың қайтадан қосылып, жанұяның шаңырағын сақтап қалуына өздерінің үлесін қосты. Қоғамдық келісім кеңесінде медиация орталығы жұмыс істейді. Онда да ел ішінде туындаған мәселелер оңтайлы түрде шешімін табуда.
Жалпы мұндай жұмыстар Оңтүстіктің барлық аудан қалаларында жүріп жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қоғамдық келісім кеңестері ел бірлігін сақтауда үлгі боларлық істер атқаруда. Бұлда болса Оңтүстік халқына тән ерекшеліктің бірі деп бағалаған жөн.
Қайрат Зайнишев