Жуырда ОҚО Кентау қаласындағы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайының кіші мәжіліс залында «Ана тілің-арың бұл» атты дөңгелек үстел өтті. Аталған жиын Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. Оған қала әкімі аппаратының басшысы Б.Алимбетов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы И.Жұмабаев, «Нұр Отан» партиясы Кентау қалалық филиалы төрағасының орынбасары С.Асылбеков, ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері және студенттер қатысты. Қала әкімі аппаратының басшысы Б.Алимбетов төрағалық еткен жиын Мемлекеттік тіл-қазақ тілінің мәртебесін арттыру, оның өзге ұлт өкілдерінің жан-жақты игеруіне ықпал ету және халықтар достығының басты құралы ретінде мемлекеттік тілді дамыту, Тәуелсіздік жылдары тілдерді дамыту барысында атқарылған шараларды насихаттау мақсаты бойынша өтілді. Тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік тілді дамыту барысында атқарылған игі іс-шаралар бойынша қазақ тілі қоғамының мүшесі А.Байсымақ айтып өтті. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы И.Жұмабаев жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін оятып, ана тіліне құрметпен қарауын қалыптастыру үшін қойылатын міндеттерді түсіндіріп өтті. Колледж студенттері өздерінің шығармаларынан мемлекеттік тілге арналған өлеңдерін оқып берді. Іс шара соңында қала әкімі аппаратының басшысы Б.Алимбетов тіл жанашырларын қала әкімінің алғыс хатымен марапаттады.