Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Әзірбайжан Республикасынан келген делегация өкілдерімен кездесу өткізді, — деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Мәртебелі меймандарды Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рашад Маммадаров бастап келді. Сондай-ақ, аталған топ құрамында Қазақстандағы Әзірбайжанның ішкі істер министрлігі өкілі Насими Шикаров пен әзірбайжандық кәсіпкерлер одағының төрағасы Гюндуз Маммадли болды. Экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған кездесуде аймақ басшысы Оңтүстікке арнайы ат басын бұрған қадірменді қонақтарға алғысын білдіріп, әзірбайжандық инвесторлардың қатысуымен болып жатқан және болашақтағы бірлескен жобалар жайын таныстырды. Сондай-ақ, жиында облыстың ауыл шаруашылық саласымен қатар, кәсіпкерлік, туризм бағытындағы жоспарлары мен жетістіктері туралы әңгіме өрбіді. «Түбі бір түркі тілдес елдердің бірі — әзірбайжан халқы мен қазақ елі тарихы біте қайнасып, тереңде жатқан бауырлас ұлттар. Сондықтан, қос мемлекеттің кез келген сала бойынша қоян-қолтық араласып, жұмыс істеуі заңды. Әзірбайжандық кәсіпкерлердің бастамасымен қолға алынған өңіріміздегі бірқатар өндіріс орындарының болуы осы туысқандық қатынастың жемісі деп білем. Әрі бұл игі байланыстың одан әрі нығайып, жалғасатынына сенімім кәміл», — деді Ж.Түймебаев.