ОҚО Отырар ауданы Ақтөбе ауылында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Қазақстандықтар – болашағы біртұтас ел» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Арғы-бергі тарихымызды сөз етіп, Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырындағы түрлі оқиғалар мен табыстарымызды ортаға салған шарада аудан әкімінің орынбасары Әбдіғали Жүнісов көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтап, шараға қатысушыларға ізгі тілегін білдірді. Дөңгелек үстел басында еліміздің кешегісі мен бүгінгі жетістіктері, тәуелсіздік жылдарындағы игі шаралар жөнінде ардагер ұстаз Жақсылық Жүсіпов, аудандық мәслихат депутаты Жангелді Нұров, «Қатира ана» балабақшасының меңгерушісі Гүлшара Төленділер өз пікірлерін білдіріп, кез келген мемлекеттің ең басты байлығы Тәуелсіздік екендігін ерекше атап өтті. Шара соңында 130 астам ұлттар мен ұлыстар мекендеген еліміздің біртұтастығы мен ширек ғасырлық Тәуелсіздігімізді суреттейтін бейне ролик көрсетілді.