Сайрам Оңтүстік Қазақстан облысындағы орталыққа жақын аудандардың бірі. Жуырда аудан әкімі Самат Сапарбаев үнемі ауыл-аймақтарды аралап, күрмеуі кертілмеген түйінді мәселелердің шешімін табуға тырысады. Әкім алдымен ат басын Қайнарбұлақ ауылына бұрды. Бүгінде аталған ауыл округінде 12 мыңға жуық тұрғын бар. Ілгерілі кейінді өз кәсіптерін ашып, өзгелерді де жұмыспен жарылқап жатқандар баршылық. Есеп қисапқа сенсек, орташа айлық-жалақы 14 пайызға өсіп, 70 мың теңгеге жуықтаған. Халықты жұмыспен қамтуда ілгерілеушіліктер бар. Ауылдың әлеуметтік ахуалы жоғары. Демографиялық өсім басым. Балабақша кезегіне тұрған бүлдіршіндер күн санап артып келеді. Сол себепті, аудан аумағында балғындарды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту үлесін 98 пайызға жеткізу – басты меже болып отыр. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ауданға жасаған сапарында елдімекендерді көркейту мен қоршаған ортаны таза ұстау мәселесін назардан тыс қалдырмауды тапсырған болатын. Сол себептен қайнарбұлақтықтар ауыл аумағын таза ұстау мақсатында сенбіліктер ұйымдастырып тұрады. Жуырда жергілікті мәслихаттағы 24 халық қалаулысы аудан әкімімен бірігіп, 25 жылдыққа — 25 түп ағаш отырғызды. Аталған акцияға үн қатқандар қатары көп. Жергілікті тұрғындармен жүздесу барысында Самат Сапарбаев әлеуметтің әлеуетін көтеру басты назарда тұратынын айтты.