ОҚО түлкібас ауданының орталығында облыстық «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» бөлімшесі ашылды. Рысқұлов атындағы мұражайдың көрші ғимаратында орналасқан бұл жерде сонымен қатар тұрғындарға кеңес беру орталығы да болашақта қызмет көрсететін болады. Елбасының “Нұрлы Жол” мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыс атқаратын кредиттік мекеме 2015 — 2019 жылдар аралығында 1500000 шаршы метр тұрғын үйді салуды жоспарлап отыр екен. Мұндағы мақсат — ел тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету. Бұған дейін облыстық тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бөлімшелері Мақтарал, Сарыағашта ашылса, енді Түлкібаста да өзінің жұмысын бастамақ ниетте. Жаңа қызмет үйінің ашылу салтанатында аталмыш банк басшысының орынбасары Ж.Нарбекұлы, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Ботбаев, Майлыкент ауылдық округі әкімінің орынбасары А.Шонанов құттықтау сөз сөйлесе, ауданымыздың бас ақыны Ә.Аралбайұлы жырдан шашу шашты. Одан әрі тұрғын үй құрылыс жинақ банкіге қаражаттарын салып белсенді клиент атанып жүрген бір топ азамат «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Алғыс хаттарымен марапатталды. Осылайша ауданда тағы бір игілікті істің көбесі сөгіліп, ел игілігіне қызмет көрсететін болды.
О.Мақталин