Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Бәйдібек ауданындағы Ақбастау ауылы әкімдігінің бұрынғы ғимараты жергілікті кәсіпкерлерге беріліп, онда екі тігін және бір ағаш жиһаздарын жасайтын цехтар іске қосылып халыққа тұрмыстық қызмет көрсетуде. Жиһаз жасау шеберханасының жұмысын Ербол Әбдіров ұйымдастырса, көрпе-төсек, қыз жасауын жасайтын тігін цехының жұмысын анасы Қалыш Шорабаева қолға алыпты. Осы жайда тағы да бір тігін цехында киім-кешектер тігілуде. Оған осы салада ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Гүльмира Омарова жетекшілік жасауда. Бұл отбасылық екі кәсіпкерлер де бұған дейін жұмыстарын үйлерінде атқарып келген. Ауыл әкімі Н.Сүгірбаев шебер қолды ауыл тұрғындарына бос ғимаратты пайдалануға ұсыныс жасапты. Ауылдың бір шетіндегі үйлерінде орналасқан шеберлік цехтарын орталыққа әкеліп, жұмысқа кіріскендеріне екі отбасының мүшелері де риза. Бұл кәсіпкерлерге ендігі керек нәрсе, қаржы несие алу. Сөйтіп халыққа қызмет көрсету жұмыстарын кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашу. Осыған орай бүгінде құжат дайындау мәселесі қаралуда.
М.Бұрханбекқызы