«Аманкелді» ЖШС-нің жүзімбағы орналасқан егін алқабында бау шаруашылығын дамыту мәселесі жайлы семинар-кеңес болып өтті. Оған ОҚО -на Мақтарал, Сарыағаш, Қазығұрт аудандарынан бау шаруашылығымен айналысатын мамандар, жеміс-жидек шаруашылығымен айналысатын агроқұрылымдардың өкілдері қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Ғ. Төлепов «Аманкелді» ЖШС-нің тұқым бағындағы ерен еңбек туралы әңгімеледі және жиналғандарды бақтағы алманың «Голден» «Делишес», «Ренет», «Симиренко», «Старкримсон», алхорының «Исполин», шабдалының «Чемпион», «Эльберта» және жүзімнің «Тайфи», «Киш-миш» сорттарымен таныстырды. Сондай-ақ, ол бау-бақшаға күтім жасайтын соңғы үлгідегі агрегаттарды көрсетті, екі мың тонналық жеміс-жидек, көкөніс қоймасында сақталған өнімдердің стандартқа сәйкестігі жайлы айтты. Тұқым бағының мамандары семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Оңтүстік Қазақстан облысында жеміс-жидек шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар жайлы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Т. Оспанов баяндама жасады. Сондай-ақ, Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Л. Қонысбаев, Қазығұрт аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы С. Әлсейітов бау шаруашылығын дамыту туралы өз ойларын ортаға салды.
Т. Бердіқұл