Оңтүстік Қазақстан облысындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында «Ашық әкімдік» жобасы аясында салық органдарының бағыты бойынша пилоттық режимде тағы да жеті қызметті көрсетуді бастады. Бұған дейін ХҚКО-лар аталған ведомствоның 17 қызметін ұсынған болатын. Атап айтқанда: салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау), салық есептілігін қабылдау, салық есептілігін кері қайтарып алу, салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, өсімпұлдардың, айыппұлдардың төленген сомаларын есепке жатқызуды және қайтаруды жүргізу, салық және өсімпұлдар төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгерту, кеден одағы шеңберінде тауарлардың экспорты (импорты) кезінде салық нысандарын қабылдау, әкімшінің (уақытша әкімшінің, оңалтушы, уақытша және банкроттықты басқарушының) қызметін жүзеге асыру құқығына үміткер адамдардың біліктілік емтиханын өткізу қызметтері. Бұрын тұрғындар аталған қызметтерді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық органдарынан ғана ала алатын. Енді оларды мемлекеттік органдар және баламалы негізде халыққа қызмет көрсету орталықтары көрсетеді. Қызметтерді ресімдеу үшін ХҚКО-ға дүйсенбіден бастап сенбіні қоса, түскі үзіліссіз таңғы сағат тоғыздан бастап кешкі сағат сегізге дейін жүгінуге болады. Сондай-ақ азаматтар электрондық үкімет порталында, «Connection Point» секторларында өз бетінше алуға болады.