Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен аппараттық мәжілістің кезекті жиыны өтті, -деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Селекторлық отырысқа облыстық басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты. Күн тәртібінде 2 мәселе — облыстың 10 айлық нәтижесімен әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және Үкіметтік селекторда тындалатын мәселелер қаралды. Жиындағы бірінші мәселе бойынша сөз алған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рахымберді Мулкемановтың мәліметінше, 2016 жылдың 10 айының қорытындысымен облыстың әлеуметтік – экономикалық дамуында оң серпін байқалуда. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 643,1 млрд. теңгені құрап, республикада 3-орынға тұрақтаса, кен өндіру өнеркәсібінде 191,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2015 жылдың сәйкес кезеңінен 4 % артты. Өңдеу өнеркәсібінде 396 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп (8,5% артты), индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жыл басынан 3,9 млрд. теңгеге 4 жоба іске асыру арқылы 159 жұмыс орны ашылған.