Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Еуропа Қайта Құру және Даму Банкiнің (ЕҚҚДБ) Қазақстандағы директоры Джанет Хэкманмен кездесу барысында айтылған ұсыныстар бойынша ынтымақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта нақты ұсыныстар негізінде жұмыс істеуге уағдаласты. Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚҚДБ) — халықаралық үкіметаралық қаржы-несиелік ұйым болып табылады. Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің ұзақ мерзімді несиелендіру жөніндегі аймақтық мемлекетаралық банкі. 1990 жылы 29 мамырда болған келісім бойынша халықаралық қаржы мекемесі ретінде құрылған. Штаб-пәтері Лондонда орналасқан. Еуропа қайта құру және даму банкіге 50-ге жуық ел, соның ішінде ТМД елдері, сондай-ақ, Еуропа инвестициялық банкісі мен Еуропа қоғамдастығы мүше болып табылады. Банкке еуропалық емес елдер де мүше бола алады. Банкінің мақсаты — Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі, сондай-ақ, бұрынғы Одақ мемлекеттеріндегі экономикалық реформаларды қаржыландыру. Олардың ашық нарықтық негізде экономиканың дамуына септігін тигізу; кредит алған елдерде құрылымдық реформа жүргізуге, жекешелендіруге және монополияны жоюға, орталықсыздандыруға көмектесу арқылы олардың экономикасын әлемдік интеграцияға тарту. Банк мемлекеттік қана емес, сондай-ақ, жеке секторда да әрекет етеді, коммерциялық мүмкіндігі жоғары жобаларға қатысады. 1992 жылдан бері Қазақстанмен байланыс орнатып, түрлі салалар негізінде жұүмыс істеп келе жатқан банк өкілдігі биылдың өзінде еліміздегі әртүрлі 28 жобаға 703 млн. еуро көлемінде қаржы салған.