ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және халықаралық ЮНЕСКО ұйымының тарапынан 2016 жыл «Қожа Ахмет Ясауи жылы» болып жариялануына орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы және Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві бірлесе ұйымдастырған «Елдің интеллектуалдық капиталы – тәуелсіздіктің рухани іргетасы» тақырыбындағы тарихи-құжаттық көрменің ашылуы болды. Атаулы көрмеге ҚР Президенті Архивінің директоры Б.Жапаров, ОҚО Тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының басшысы Н.Шарафиев, Облыстық мәслихат депутаты Б.Сүлейменов, Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев, қалалық мәслихат хатшысы Ә.Сәрсенбаев, қалалық ақсақалдар алқасы, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары мен студенттері, музей қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Алғашқы сөз кезегін алған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры Ж.Әубәкір айтулы көрменің маңыздылығы жөнінде және Елбасының ерен еңбегінің арқасында қазіргі Қазақстан ынтымағы жарасқан іргелі мемлекетке айналғанын айтып өтті. Киелі қаламызға рухани көшті бастап келген Б.Жапаровқа алғыс хатпен бірге музейдің баспа өнімдерін сыйға тартты. Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев қонақтарға зор алғыс айта отырып, осындай игi iстердiң жалғасын табатынына сенім білдірді.
Көрме экспозициясынан Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне сақтауға алынған Қазақстанның жүріп өткен жолы мен егемендігінің еңселі кезеңдерін көрсететін құжаттарды тамашалауға болады. Сонымен қатар, Елбасының қасиетті Түркістанға әр жылдары келгендегі фотосуреттері мен тарихи құжаттары қойылған..